bannerbannerbanner
полная версияҚазақша ашылып сайрау

Серік Асылбекұлы
Қазақша ашылып сайрау

Учаскелік полицей. Сіз тіліңізді тарта сөйлеңіз. Менің әкем қитар емес.

Көмекбай. Кешіріп қойыңыз, мырзам. Сонда сіздің сол әлгі ардақты әкеңіздің біреуі айға, біреуі сайға қарап тұрған көздерін не деп атаймыз? Күлімкөз дейміз бе, әлде қаракөз дейміз бе, а-а?!

Учаскелік полицей. Онда сіздің шаруаңыз болмасын!

Көмекбай. Шаруаңыз болмасын?! Шаруам болғанда қандай?.. Біріншіден, ол менің жездем. Екіншіден, менің апамды оның келісімінсіз еріксіз алып қашқанымен қоймай ол кейін көктиын қалыңмал төлеген жоқ біз жақтың жуастығын пайдаланып.

Учаскелік полицей. Қалыңмал деген ол ескіліктің қалдығы. Так, енді түсініктемеге келейік. Қай жерге келіп едік? Иә, бөтелкелестер туралы айтып жатыр едік қой. Сонымен, мен Көмекбай Жаңбырбаев ауылдастарымның арасынан өзіме бөтелкелес іздей бастадым. Бірақ көршім Ермек Шынарбаев та, бір кездегі сыныптасым Әлайдар Жетесов та менімен бөтелкелес болудан бас тартты. Сонан соң оларға ызыланған мен сол бөтелкіні бір өзім тауысып тастауға бекініп, өзімнің үйіме қайтып келдім де, сатымен сарайдың төбесіне көтерілдім.

Көмекбай. (Тілі күрмеліп, басын шайқап) Айттым ғой… бұл мені күні бойы аңдып жүрген деп. Әй, мен сені жиенім деп жүрсем, сен нағыз шпион…н екенсің ғой!

Учаскелік полицей. Немене-немене?!..

Көмекбай. Сенн… әлгі Ниетәлі «сыболыштың» шпионысың, білдің-ң… бе?!

Учаскелік полицей. Тартыңыз тіліңізді!.. Сіз мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің өкіліне тіл тигізіп отырсыз!

Көмекбай. (Орнынан қисалаңдай тұрып жатып, учаскелік полиция инспекторына ешкікөздене ежірейе төніп). Сен бе мемлекеттік құқық қорғау органының өкілі? Әй, онда сен неге әділеттілікті қорғамайсың, а? Айтшы маған, осы қызметке сені үкімет момындардың ақысын жейтін жебірлерді желеп-жебеп жүр деп тағайындада ма, а-а? Айтшы!..

Учаскелік полицей. (Мырс етіп). Сонда сіз бе момын?! Бүткіл жұртты әрі қазақшалап, әрі орысшалап сыбап жүрген шетінен…

Көмекбай. Иә, мен. Не, ұқсамаймын ба?

Учаскелік полицей. Түк ұқсамайсыз. Ал жебір кім сонда?

Көмекбай. Білмей тұрған шығарсың, жебір Ниетәлі да. Әй, құқық қорғау органының өкілі, сен мені дұрыстап тыңда. Мен саған ол жасаған қылмыстың масағын қалдырмай, түгел айтып берейін. Тыңда… Мына мен ол құрған «Ақбұлақ» деген серіктестікке ала жаздай тыным таппай еңбек еттім. Түсінесің бе, ала жаздай, ешбір демалыссыз! Өзімнің жаман тракторыммен сол арамның жерін жырттым, картобын түптедім, қауын-қарбызын ектім, шөбін шаптым. Жарты гектарға отырғызған асқабағым тағы бар. Асқабақтың дәнінің базарда қамбат тұратынын білетін шығарсың.

Учаскелік полицей. Бұның бәрін маған немесіне тәптіштеп отырсыз. Тоқетерін айтсаңызшы.

Көмекбай. Әй, енді бірте-бірте тоқетеріне келе жатырмыз ғой, сендерде шыдам деген бола ма осы? Әлде тыңдағың келмей отыр ма мені?

Учаскелік полицей. Қысқартыңқырап айтыңыз.

Көмекбай. (Учаскелік полицейдің үстелінің бір шетінде тұрған графинді нұсқап) Мынауың су ма?

Учаскелік полицей. Иә.

Көмекбай. Уһ, тамағым кеуіп қалды ғой бәрін түсіндірем деп. Маған сол суыңнан бір стакан құйшы.

Полицей графиннен екі жүз елулік қырлы стаканға су құйып, Көмекбайға ұсынады.

Учаскелік полицей: Әрине, бір бөтелкені бір өзіңіз ішсеңіз, тамақ кеппегенде қайтеді.

Көмекбай. (Стакандағы суды жұтқыншағы бүлкілдеп бір-ақ қотарып). Бірге ішетін жан адам табылмаса, бір өзім ішпей қайтем енді, өлем бе? Уһ!.. Әңгіменің қай жеріне келіп едім жаңа? Иә-иә, картоп отырғыздым, қауын-қарбыз бен асқабақ та ектім ала жаздай. Бір күн дұрыстап дамыл тапқаным жоқ. Ал сүйткен еңбектің өтеуіне Ниетәлі арам маған қанша төледі деп ойлайсың жиын-терін аяқталғанда? Бар болғаны – жүз жиырма мың теңге! Кісіні көзін бақырайтып қойып, тірідей тонау емей немене бұл, а-а? Айтшы өзің құдайшылығын.

Нанбасаң, қазір есептеп көрейік.

Учаскелік полицей. Жарайт, есептемей-ақ қойыңыз. Бәрі түсінікті.

Көмекбай. Жо-жоқ, есептейміз, әйтпесе сен мені Ниетәліге жала жауып отыр деп ойлап қалуың мүмкін.

Так, өзің жақсы білуге тиістісің, бізде картоптың келісі аудандағы базарда да, облыс орталығында да орта есеппен алғанда ең құрығанда елу теңге. Мен оған сол картоптың бес тоннасын өткізгем. Бұл дегеніңіз бақандай 250 мың.

Қауын мен қарбыздың келісі қай жерде де қырық теңгеден кем емес. Мен оның он екі тоннасын өткізіп бердім әлгі «сәбәкіге». Екі төртім – сегіз, бір төртім – төрт, барлығы – қырық сегіз. Оған төрт нөлді қос. Қанша болды? Дұрыс, төрт жүз сексен мың.

Енді асқабаққа келейік. Оның келісі алпыстан. Мен оған сол асқабақтан алты тонна өткіздім. Бұның бағасы сонда үш жүз алпыс мыңнан кем емес. Ал енді осылардың бәрін қосайықшы. Мен оны баяғыда-ақ шотқа салып, есептеп қойғам: барлығы бір миллион тоқсан мың теңге болады.

Жарайт, артығымен-ақ санайық, жаңағы миллионның тең жартысы салыққа, транспорт шығынына, алыпсатарларға, ана Ниетәлі иттің тойымсыз обыр құлқынына-ақ кетсін делік, соның өзінде маған сол соманың кем дегенде бір бес жүз мыңы қалуы керек қой. Ал оның менің қолыма ұстатып отырғаны бар болғаны – жүз жиырма мың. Мұнымен мен келесі жазға дейін ана шиеттей бес бала мен үйдегі аюдай ақырып отырған қатынды қалай асыраймын, а-а?! Өзім қалай жан бағам? Күнделікті ішетін тамақ пен киетін киім бар, темекінің пұлы бар, анда-санда осындай шер тарқатуға керек бірер бөтелкең ол тағы бар. Мен де сендер секілді адаммын ғой. Енді сен түсіндің бе өзі менің неге қарадай бүлініп жүргенімді?

Учаскелік полицей. Болдыңыз ба?

Көмекбай. Болдым.

Учаскелік полицей. Бұның бәрін немеге айтып отырсыз маған? Басты қатырып.

Көмекбай. Неменеге айтып отырсыңың не-әй сенің?! Ойбай-ау, сен үкімет адамы емессің бе? Қалай ей әлгі?.. Иә-иә, құқық қорғау орғанының өкілі емессің бе?!. Ал менің хұқығым бұзылып отыр емес пе?

Учаскелік полицей. Не сонда, біреуді боқтау керек пе сол үшін?

Көмекбай. (Орнынан атып тұрып). Туһ, мынау нағыз антұрғанның өзі екен ғой. Бағанадан бері осыған сөз айтып отырған мені де атып тастайтын адам жоқ.

Учаскелік полицей. (Ол да орнынан тұрып жатып, Көмекбайға зілдене көз салып). Немене-немене?!

Көмекбай. Сен де әлгі Ниетәлі секілді антұрғансың, білдің бе?! Сендерде ешқандай жүрек, сезім дегендер атымен жоқ, тойымсыз құлқын ғана бар!..

Учаскелік полицей. Ақсақал, тіліңді тарт!..

Көмекбай. Тартпаймын! Мен өлсем де ақиқатты айтып өлетін адаммын, білдің бе?! Сендер секілді өзінен күштілерге құйрықты бұлғаңдатып өмір сүруді білмеймін.

Учаскелік полицей. Олай болса, мен қазір сені КПЗ-ге қамаймын. Әбден есірген екенсіз!..

Көмекбай. Неменеге-неменеге?!

Учаскелік полицей.КПЗ-ге! «Камера предварительного задержания» дегенді естігенің бар ма еді?

Полицей көз ілеспес жылдамдықпен Көмекбайдың қолдарына сарт-сұрт етіп кісен салады да, оны КПЗ-ге қарай сүйрелей жөнеледі.

Көмекбай. Отстань! Не имееш право!

Учаскелік полицей. Имею-имею!.. Сіз массыз, қоғамға қауіпті адамсыз, сондықтан да мен қазір сізді заңды сыйлайтын, оған бағынатын саналы азаматтардан оқшаулауым керек. Ниетәлі Көпбосыновқа қоса менің де әкеме тіл тигізгеніңіз үшін кейін соттың алдында «двойной» жауап беретін боласыз әлі.

Көмекбай. Қоғамға қауіпті мен емес, мына сендер, білдің бе?!

Учаскелік полицей. Жап аузыңды!..

Көмекбай. Жаппаймын!..

Учаскелік полицей. Ендеше қазір жабатын боласың!

Учаскелік полиция инспекторы аяғынан тәлтіректеп әзер тұрған Көмекбайды қарулы қолдарымен дырылдатып сүйреп әкеліп, КПЗ-ге итеріп кіргізіп жібереді. Сонан соң шалбарының жан қалтасынан бір уыс кілтті суырып алып, соның ішіндегі ең үлкенімен уақытша оқшаулау камерасының темір торлы ауыр есігін тез-тез жауып, құлыптап тастайды. Іштен темір есікті жұдырығымен тарсылдата ұрып, айқай салған Көмекбайдың даусы естіледі, алайда оның бүл әрекеттеріне пысқырып та қарағысы келмеген полицей ештеңені естімеген кісіше өз жөніне кетіп қалады.

№ 6 көрініс

Жұрт ұйқыларынан оянып, күн ұясынан енді-енді көтеріле бастаған таңертеңгі шақ. Уақытша оқшаулау камерасы. Жүз ваттық кішкентай электр шамының жарығының астындағы абажадай темір керуетте сегіздік секілді бүктетіліп, бір уыс боп ұйықтап кеткен Көмекбай түс көріп жатыр. Түсінде ол өзінің сүйіктісі Зибашпен тілдесуде. Әрине, Зибаштың өзімен емес, оның елесімен.

Зибаштың елесі. (Көмекбайға). Жаным, еңсеңді түсірмеші! Аллатағаланың бұл сынын да сабырмен қарсы ал, алтыным. Сен нағыз еркек едің ғой, ер едің ғой! Соны маған тағы бір дәлелдеші. Мынаны ұмытпа: пенде қанша қиындыққа ұшыраса да, ешқашан Жаратқанның шапағатынан үміт үзбеуге тиіс, өйткені ол кешірімшіл, рахымды, оның сүйіспеншілігінде, махаббатында, мейірімінде шек жоқ. Тек сәл шыдаш, көрерсің, кейін бәрі жақсы болады.

Көмекбай. Қайдам, осы күнге дейін маған бірдеңенің жақсы болғанын көргем жоқ. Марқұм әкем Қуан тақыр кедей еді, мен де одан көп ұзап кеткем жоқ. Міне, жасым қырық беске келсе де, ештеңеге бір дұрыстап жарымай-ақ қойдым: көргенім – бейнет, қара жұмыс, бастықтардың алдауы мен арбауы. Әйтеуір осы дүниенің бір қызығына дұрыстап тұшынған емеспін.

Зибаштың елесі. Жаным, неге олай дейсің? Екеуміздің тар төсекте табысып, сырласқан бал татыған түндеріміз бен күндеріміз ше? Шыныңды айтшы, сол кездерде мен сені бақытты ете алмадым ба, алтыным?! Мен сол сәттерде бойымдағы бар жылуымды соңғы тамшысына дейін сарқып беріп едім ғой саған. Айтшы, сонда да сен бақытты бола алмадың ба?

Көмекбай. Иә, мүмкін, мен сол сәттерде ғана шын бақыт дегеннің не екенін еміс-еміс ұққан болармын. Бірақ сол бір шақтар дүниені селдетіп өте шығатын жаздың алапат нөсерлері секілді тым қысқа еді ғой, сондықтан көрген түстей ұмытылып кетіпті. Кешір.

 

Зибаштың елесі. (Басын реніштен шайқап). Иә, сендер, еркектер, сондай ұмытшақсыңдар, өкінішке қарай. Ал мен көрген түстей, жер-дүниені селдетіп өте шыққан ерке жаздың алапат нөсерлеріндей сол бір ләззатты шақтарымызды ешқашан есімнен шығарып көргенім жоқ. Нансаң, жаным, қиналған, жаным жалғыздықтан жабырқаған сәттерімде сенің сол бір кездерде аузыңнан, бәлкім, ерікті түрде, не еріксіз шығып кеткен «Жаным! Сәулешім!..» деген шын жүректен ақтарылған оттай періште лебіздерің мені жардан құлап кетуден аман сақтап келеді осы күнге дейін мынау опасызынан опалысы аз жалғанда.

Көмек, есіңде ме, екеуміздің әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жаңғырық» романының кейбір тұстарын біздің үйде түні бойы бір төсекте қатар жатып бірге оқығанымыз? Есіңде ғой деп ойлаймын, ендеше сол кітаптың басты қаһармандарының бірі Авдий Калистратовтың Құдайдан басқаның бәрі ұмытқан Мойынқұм деп аталатын ұланғайыр даланың туу бір қиян шетіндегі кішкентай ғана «Жалпақсаз» деген теміржол бекетіндегі медпунктте медбике болып қызмет істеп жүрген өзінің сүйіктісін екінші рет іздеп келетін сәтін ұмыта қоймаған шығарсың? Сонда нақсүйеріне жете алмай, орта жолда браконьерлердің тұтқынына түсіп, екі қолы артына байлаулы күйі жаңағы баскесерлер оңды-солды аяусыз қырған өлі киіктердің ұшаларымен бірге дәу жүк машинасының кузовында қапа боп жатқан Авдий өзінің сүйіктісі туралы: «Жаратқан аман болғай! Жүрегіңе махаббат кеп жабысқанда Құдайдың рахымында шек болмайтынын ол да түсінсе ғой!..» деп армандамаушы ма еді. Мен де қазір саған сол кейіпкер секілді өліп өшті сүйіспеншілікті шын көңілімнен Алладан жалбарына тілеп тұрмын. Өйткені бәріміз де Тәңірдің мейрімі түсіп, жүрегімізге махаббат періштесі кеп ұя салған шақтан бастап қана бақытты бола бастаймыз. Басқаны ұмытсаң да осыны ешқашан ұмытпа, жаным! Сол кезде ғана сенің ғазиз жаның ызадан, кектен, барлық жеккөрушіліктен арылып, тыныштық табады, сол кезде ғана сен өмірдің мәнін шын түсініп, Жаратқанға шексіз алғысыңды жаудырасың.

Көмекбай. Ол айтып отырғандарың рас та шығар. Мен саған сенем, өйткені әйел жаны мұхиттай шалқар, теңіздей терең ғой. Менің оған талай көзім жеткен. Иә, шынында да, бұл өмірде маған бақыт дегеннің не екенін ұқтырған екі адам болса, соның алғашқысы – менің аяулы анашым, екіншісі – жасым қырыққа шыққанда маған Жаратқанның сәтімен жолықтырған періштесі сенсің, сәулем.

Зибаштың елесі. Ендеше, мені де, менімен бірге өткізген бақытты шақтарыңды да ешқашан ұмытпай, үнемі есіңе алып жүр. Жаның жаңбырдан соңғы даладай тазарып, мына жалған дүниенің қыбыр-жыбыр тіршілігінен босап, жүрегің дамыл тапқан бір шақтарда бізді осылай қиыннан қиыстырып жолықтырған Жаратқанға ақ көңілден ақтарылып, алғысыңды жаудыр! Келісесің бе осыған, жалпы, біз, адамдар, пенделер, жақсылыққа дұрыстап алғыс айтуды да білмейміз ғой.

Көмекбай. Толығымен келісем, бозқарағаным! Сені ұмыту мүмкін емес қой. Бірақ мен мына өмірден әбден жалықтым. Достарымның, жолдастарымның бәрі мені сатып кетті. Адамдар бар мен бағыландардың, байлардың жағына шығып кетеді екен жеме-жемге келгенде. Бүгін мен соны айқын, қапысыз ұқтым.

Зибаштың елесі. Көмек, көңіліңе келмесін, жалпы, сен тым аңғалсың. Үйбай-ау, сату мен сатылу бұл екіаяқты пенделердің сонау Адам ата мен Хауа анадан бермен келе жатқан ата салты емес пе?! Соның неменесіне осыншама күйіп пісесің?! Біліп қой, мұндай құқайдың талайын көрге басы кіргенше көретін сен ғана емессің мына аспан асты, жер бетінде. Адамзаттың бәрі де өткен бұл жолдан, ендеше сен де өтуге тиістісің бұдан.

Көмекбай. Зибаш, сен түсінемісің, мен бүгін бұ дүниеде жалғыз қалдым ғой.

Рейтинг@Mail.ru