bannerbannerbanner
Өмір – сынақ

Анар Мешимбаева
Өмір – сынақ

Бұл кітапты маған тілеулес

болған әр адамға арнаймын:

отбасыма, достарыма, әріптестеріме,

таныс, әрі бейтаныс

жандарға.

Сіздер маған күш-қуат бердіңіздер!

Рақмет!

Кітапқа арқау болған көптеген кейіпкердің

аты-жөні өзгертілген.

Халықаралық Астана әуежайы. 2009-жыл, 4-қазан, таңғы сағат: 05-00.

Шекаралық паспорт бақылауы.

Қызымды ертіп, бос терезеге жақындадым. Терезе алдына екі паспорт пен екі билетті қойдым. Форма киген жас шекарашы қыз компьютерге үңіліп отыр. Сосын ішкі телефонмен әлдекімге қоңырау шалды. Бірнеше минуттан соң жанымызға басқа бір шекарашы әйел келді. Оның жасы да үлкен, шені де жоғарылау көрінді.

– Өте бер, – деді ол менің қызыма. Қызым шекаралық сызықтан аттап өтті. Қызымның артынан бара жатыр ем, әлгі әйел мені тоқтатты:

– Сіз осы шетте тұра тұрыңыз.

– Не боп қалды? – деп сұрадым.

Маған:

– Күтіңіз, – деді.

– Қызымды қайтарыңызшы!

– Ол паспорттық бақылауды өтті, – деді шені жоғарылауы маған, шамасы әуежайдың кезекші офицері болса керек.

– Бірақ, ол менсіз ұша алмайды ғой! – деп мен қарсы шықтым.

Жауап жоқ. Үндемеді.

Мен мазасыздана бастадым:

– Өтінем сізден, басшыңызға қоңырау шалыңыз.

Жауабы:

Біз не істеу қажеттігін жақсы білеміз.

Қызым қарап тұр, не боп жатқанын түсінбейді. Қызым ол кезде небәрі 14 жаста. Біраздан соң оны маған қайтарды. Енді екеуміз күтіп тұрмыз. Шекара сызығынан екі метр жерде. Уақыт өтіп жатыр. Рейске отырғызылу басталды.

Терезеден телміріп:

– Отырғызылу басталды. Кешігетін болдық, – дедім.

– Бұл Мәскеуге ұшатын рейс, – деді терезенің арғы жағындағы қызметкер.

Біздікі келесі рейс – қазан айындағы соңғы чартер. Түркияға. Оқу жылының басында. Қызымның шабаданында негізгі пәндер бойынша сатып алған оқулықтары: математика, физика, химия, ағылшын тілі.

Қызым туғалы бері жазда бір аптаға теңізге, не көлге баруды әдетке айналдырғанбыз. Келесі жылға күш-қуат жинап қайтатынбыз. Демалыс үнемі 10 күнге созылатын. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Астананың 40º аязынан кейін жазғы демалыс көптен күткен мерекедей болушы еді. Алайда, осы жылы емес екен. Көктемді орталай бере жұмыстан кілтипан шығып, жағдай күн өткен сайын ушыға берді. Дәл қазір осындай жағдайда шетелге демалысқа шығуым – жоғарыдан келген пәрмен еді.

Бірнеше күн бұрын Қаржы полициясына шақыртты. Елден еркін шыға алатынымды анықтап айтты. Күн суытып кетті дегеніме Тергеу департаментінің директоры күлді.

– Алыстағы ыстық елдер бар ғой!..

Қазір бізді босатпаса не болмақ?

1-бөлім. Мемлекеттік қызмет

Мен аяқ астынан Қазақстан Президентінің пәрменімен елден кетпес бұрын он жыл мемлекеттік қызметте істедім.

Мен осыншама ұлан-ғайыр жері бар, дүниежүзі бойынша тоғызыншы орын алатын, асты-үсті қазба байлыққа толы, небары 16 миллион (2009-жылғы дерек бойынша) халқы бар Қазақстанды дәулетті етуге әбден болады дегенге бек сенімді едім.

Мен Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, 1998-жылы Экономика факультетінде кандидаттық диссертациямды қорғадым. Мәскеуде қалғым келген. Бірақ, әкем мені, әсіресе немересін жылына бір-ақ рет көретіндігін алға тартып, елге алдыртты: «Сен елге өте қажетті білім алдың, енді соны Қазақстанды дамытуға арнағаның абзал», – деді.

Мені ешкім сүйреген жоқ. Ешкім қолдаған жоқ. 1999-жылдан бастап 2009-жылға дейін Стратегиялық жоспарлау агенттігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты, Президент әкімшілігі, Статистика агенттігі сияқты бірқатар мекемеде қызмет еттім. Ел-жұрт сыртымнан «өсетін адам» дейтін. Алайда, мен өсу үшін қызмет еткем жоқ. Мен үшін ең бастысы – адам мен процесс тиімділігі, жұмыс нәтижесі маңызды еді.

1999-жылы мемлекеттік қызметке орнығып, үш күннен кейін басшыларға мұнда жұмыс істей алмайтындығымды айттым. Жиналыс көп, іш пыстырарлық тірлік… Бастығым күлді де: «Үйреніп кетесің», – деді. Мен сол күйі үйренісе алмадым. Тағайындалған барлық жерімде жұмыс мазмұны мен стилін өзгертуге күш-жігерімді салдым.

Стратегиялық жоспарлау агенттігі

Стратегиялық жоспарлау агенттігінде (СЖА) халықтың ұзақмерзімді стратегиялық дамуы жоспарланатын. Алдымен «Қазақстан-2030», сосын «Қазақстан-2015» жоспарын жасадық. Президентке арналған сараптама жасалатын. Жұмыс бастан асады. Түнімен еңбек ету – қалыпты дүниеге айналды. Егер адам идеяға шын сенсе, ол тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.

Ең алғашқы түнгі жұмысым 1999-жылы наурызда басталған еді. Кешкі жетіде кабинетке Төрағаның орынбасары келіп: «Бүгін таңға дейін жұмыс істейміз. Теңгенің девальвациясын санаймыз», – деп сыбырлап кетті.

Бір жылдан бері «Стратегия-2015»-ті жүзеге асырып жатқанбыз. Бір жылдан кейін – Электронды Үкімет бағдарламасына көштік.

СЖА жұмысы былай жүйеленетін: ақпаратты саралау, кеңес беруге қабілеті бар түрлі саланың мамандарын жинау, Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын талдау, дамыған елдердің тәжірибесін сараптау, Президентке арнап сараптамалық хаттар жазу, ұзақмерзімді құжаттар мен стратегияларды жоспарлау. 1999, 2001, 2003-жылдары ұсынылған жоспардың көбі он жылдан соң жүзеге аса бастады, алайда біршама ұсыныс сол қағаз күйінде қап кетті.

Мысалы, 2001-жылы біз шаруа бір қап картопты алыстағы ауылдан қала базарына жеткізе алмайды деп жаздық. Ірі шаруа қожалықтарын құру керек дегенбіз. Ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеу саласын дамыту қажеттілігін айттық. Елдің жартысынан көбі ауылда өмір сүретінін, оларға да жұмыс қажет екеніне баса назар аударттым. Елдің өзгеше эксклюзивті таза өнім ұсынатын қауқары барын да көрсеттім: қазы (жылқының етінен жасалатын өнім), қымыз (бие сүтінен жасалады), шұбат (түйенің сүтінен жасалады), құрт (қатықтан жасалатын, ұзақ сақтауға лайықталған өнім), жент, қоспа (консервант қосылмай, ұзақ сақтауға лайықталған дәнді дақылдардан әзірленетін өнімдер). Осының бәрін қаптап, жарнамалап, шетелге экспортқа эксклюзив өнім етіп шығарсақ, экологиялық таза өнімге әрдайым сатып алушы табылады дегенді айттым. Егер Қазақстанның оңтүстігіне мемлекет қолдау көрсетсе, нитратсыз жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, бүкіл өңірлерді қамтамасыз ете алатынын ескерттім.

2000-жылы қысқамерзімді «Қазақстан-2010» стратегиясын жазу тапсырылды. Мен ол кезде салалық даму бөлімінің басшысы едім. Департамент директорына ғаламтордағы ақпарат пен статистикалық цифрларға сүйене отырып салалық даму стратегиясын жазуға болмайтынын айттым. Одан гөрі әр саланың мықты мамандарының тізімін жасап, әрбірімен жеке сұқбаттасу қажет екенін тілге тиек еттім. Департамент директоры – өзі кәсіби энергетик еді, әдеттегідей жылдам жауап берді: «Бәрін таста. Төрағаға қызметтік хат жаз», – деді.

Дәл осындай экономика секторын мықты білетін тәжірибелі мамандар мемлекеттік саясатқа өз үлесін қосады. Осындай жандармен ұжымдас болу мемлекеттік қызметте қалуыма көп әсер етті. Әбден шаршап, көңілім қалған кезде: «Нағыз кәсіби-реформаторлар қатары көбейген кезде елдегі жағдай өздігінен өзгереді», – деген сөздерді естуші ем.

Нағыз кәсіби мамандар былай таңдалды. Өз саласын бес саусағындай білетін жанашыр мамандарды танысам, соларға өзім хабарласып, сұқбатқа шақыра бастадым. Немесе сондай маманды білетін адамға хабарласатынмын. Сосын кездесуге барып, сол саланың ахуалын, проблемасын, қалай дамытуға болатынын сұрайтынмын.

Бірде сондай бір кездесуге егде кісі келді. Бұған дейін ол кісіні танымайтынмын. Бірнеше минут сөйлескеннен кейін үлкен кісі бетіме қарап: «Қызым-ау, саған мұның бәрі не керек? Сен отбасыңмен айналыссаңшы», – деді. Бірақ, менің табандылығымды көріп, өз саласы туралы әңгімелеп берді.

2001-жылы жаңадан тағайындалған, үшінші СЖА төрағасымен электронды үкімет моделін жасадық. Мен сонда да елдің дамуы үшін ең маңыздысы – салаларға керек инвестиция екеніне басымдық бердім. Кәсіби практиктермен жасалған сараптамаларды қайта тапқызып, қайта қарастырдық. Сол сараптамаларды графиктерге айналдырдық. Электронды үкіметтің Президентке жасайтын демонстрациясына қолдандық. Демонстрация кезінде менің блогымды көрсетпей тастады. Бірақ, оған бола алаңдамадым. Ең бастысы – жүзеге асыру деп ойладым.

Алайда қайтадан реорганизация басталып кетті.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі

Біздің елде мемлекеттік органдардың реформасы үздіксіз жүріп жатады. Мемлекеттік органдар жасақталады, сосын таратыла бастайды. 2001-жылдың күзінде кезекті реформа болды. Стратегиялық жоспарлау агенттігін жойды. Ел үшін жеткілікті стратегия жасалды деп есептесе керек.

Экономикалық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлауды біріктірді. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін құрды. Екі министрліктің қызметін бір ізге түсіру үшін бір жыл уақыт кетті.

Экономикалық жоспарлау қызметі мен мемлекеттік қаржыландыру қызметтерін біріктіруге тырысты. Бюджеттік жоспарлауды үш жылдық жылжымалы графикке көшірді. Бір жағынан экономикалық жоспар мен бюджетті бір министрлікте есептеген логикалық тұрғыда дұрыс сияқты. Бірақ, онда салалық министрліктерді қайтпек – Өндіріс, Энергетика, Ауылшаруашылық, Еңбек министрліктері не болмақ?

Мен Министрлікте Өңірлік саясат пен бюджетаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары болдым. Сол жылдағы басты міндеттің бірі – Азия даму банкімен әлеуметтік салаға қатысты келісімге дайындық жасау еді. Біздің департаментте осы келісімді дайындау жұмысына менімен бірге өте білімді, елгезек жас қыз атсалысты, ол да баяғы мен секілді мемлекеттік қызметті ішпыстырарлық жұмыс деп ойлайтын. Бір жылдан кейін ол өз жұмысы туралы: «Жұмыста тек сол бір Келісім ғана қызықты болған еді», – деді.

 

Экономикалық зерттеулер институты

Министрлікте бір жыл істедім. Сосын мені Алматыдағы Экономикалық зерттеулер институтына ауыстырды. Кеңес заманында бұл Мемжоспарлау институты болған. Қазақ КСРО-ның басты экономикалық институты еді.

Мен Алматыға келгенде институт орналасқан сұр ғимарат жарым-жартылай бос тұрды. Институт Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің сараптамалық тапсырыстарын орындайтын (баяғы замандағы Мемжоспарлаудың тапсырыстарын жүзеге асырғандай).

Жыл аяқталып қалған. Үш күн ішінде 120 қызметкермен сұқбаттасып үлгеруім керек болды. Келесі жылғы жұмыс аясында қызметкердің не бітіретінін, қандай лауазымға лайық екенін білуім қажет еді. Менің он жыл мемлекеттік қызметтегі ең ауыр үш күнім болды. Әрбірімен жекелей сөйлестім. Бірімен келісім шартты создық. Кейбірімен қоштастық. Себебі, ол қызметкерлердің институт жұмысына еш пайдасы болмады. Әншейін уақыт жоғалту үшін келіп-кетіп жүргендерден құтылдық. Қызметкерлер саны екі есеге азайды.

Жыл соңына қарай қызметкерлердің бір жылдық келісім шарты тоқтайтын. Жұмыс ары қарай үздіксіз жүруі үшін салалық орталықтар бойынша құрылым жасап, осы орталықтарға сол саланы жетік білетін әрі мықты сарапшы бола алатын адамдарды тағайындамақшы болдым. Бөлім басшылары (ескі құрылымда) негізінен зейнеттегі кісілер екен. Олардың білімі мен тәжірибесін ескере отырып, әрбіріне институтта өз саласы бойынша сарапшы болып қала беруді ұсындым. Бөлім басшылары ұсынысыма түрліше жауап қатты.

Бір бөлім басшысы: «Жоқ. Рақмет. Мен кетемін», – деді. Екіншісі – ақжарқын, ақкөңіл адам, ол жұмысқа шын көңілмен берілген, білгенімен бөлісіп отыратын, хас майданда жүрген жастарға ақыл айтатын, қолдау білдіретін, өзі де экономикалық сараптаманың бүге-шігесіне дейін қанық адам еді. Сол кісі: «Әрине, мен сарапшы болып қала беремін. Анар Ертөлеуқызы, сізді жақсы көремін, жастарды да жақсы көремін», – дегені. Жанға медет болған сөздер еді.

Тағы бір бөлім басшысы тым күйгелек екен. Ол орнынан атып тұрып: «Мен өмірбақи осында жұмыс істедім…», – деп ұзынсонар ренішін айтты. Артынша есікті тарс жауып шығып кетті. Кабинетіне жеткенше дәліз бойы мені боқтап барды. Шаруашылық басшысы есі шығып, жетіп келіп, мына бөлім басшысынан мені қорғау керек дегенді айтып еді. Мен түк етпейді десем де, ол үш күн бойы мені көлікке дейін жеткізіп салып отырды. Ол жерде маған қауіп төнді деп ойламаймын. Бірақ, мені шығарып салуы ұжымның татулығын көрсетті деп есептедім.

Түрлі мекемеде жұмыс істеп көрдім, әркез көзім жеткен бір шындық бар: егер бір командада тілеулес, ниеттес, жағдайды сараптай алатын алғыр, тапқыр адамдар жұдырықтай жұмылса, сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Институттағы қол жеткізген негізгі жетістігім – Қазақстанның Өңірлік даму бағдарламасы болды. Қай өңірде экономиканың салаларын дамыту қажет, тұрғындардың ел ішіндегі көшін қалай жоспарлау қажет, қандай экологиялық қауіпті аймақтарда адамдарға тұруға болмайды, соның бәрін зерделедік.

Картада қызыл белгімен белгіленген өңірлерде адамға тұруға болмайды, себебі, өмірі мен денсаулығына зияны бар. Бұл картаны бізге дейін Экология министрлігі құрастырған. Бірақ, ешкім қолданбапты. Біз соны кездейсоқ тауып алып, Өңірлік даму бағдарламасына кіріктірдік. Презентация кезінде қызыл белгі соғылған жерлерде адамға тұруға болмайды дегенді қадап айттым.

Үкімет бағдарламаны қабылдады. Алайда, толық орындамады. Сондықтан, оған жүктелген міндет толық ақталмады. Бұл – жалпы Үкімет қабылдап, Парламент мақұлдап, бірақ орта жолда тастаған көп бағдарламаның бірі еді.

Біздің елде бағдарламалар тиімсіз. Бірінен кейін бірін қабылдап жатты. Бюджетсіз немесе жарым-жартылай бюджеті бар, алайда аяғына дейін жүзеге асырылмай, жаңаларын қабылдап жатады.

Бағдарлама – анық, әрі түсінікті болу керек. Үкімет сайтында жариялануы тиіс болатын. Мақсаты – міндеті – іс-шаралары – қайда және кім жауапты (тікелей) – мерзімі. Үздіксіз есеп беру. Мерзімі өзгерсе, не бюджет өзгерсе – соның бәрі сайтта түсініктемесімен жариялануы тиіс еді. Кейін соттасып отырмау үшін.

Президент әкімшілігіне қарасты Жүйелі зерттеу орталығы

2005-жылы мені ҚР Президенті әкімшілігіне қарасты Жүйелі зерттеулер орталығының меңгерушісі етіп тағайындады.

2005-жылдың ақпаны. Мен Президентпен сұқбаттасуға ұшып келдім. Президент резиденциясы – Ақорда маңында адамды ұшырып кетердей жел ұйытқи соғып тұр. Әркез құска ұқсап ұшқым келетін. Бірақ, жел ұшырып кетіп, сұқбаттан қап кеткенім жөн болмас еді…

Президентке кірмес бұрын Әкімшілік басшысының орынбасары қобалжып, артық нәрсе айтып қоймас па екен деп әбігерленіп тұрғанын ескертті. «Артық нәрсе» дегеннің не екенін өзім онша түсіне қоймадым. Президенттің барлық сұрағына нақты жауап бердім.

Кабинетіне кіргенімде ол кісі үстел басында отыр екен. Қатты шаршаған, қабағы қатулы. Амандасты да: «Отыр!» – деді. Қайдан келгенімді, қандай білім алғанымды сұрады. Сосын елдің жағдайын талқылауды бастап кеттік. Жүйелі зерттеу орталығының міндеттерін әңгімеледік. Сұқбатымыз қырық минутқа созылды. Кездесудің аяғына таман көңіл күйі көтеріліп, маған сәттілік тіледі.

Жүйелі зерттеу орталығында бар болғаны 10 адам істейді. Әрбірі – өз саласының маманы. Міндетіміз – өзге елдердің тәжірибесін зерттеу, елдегі жағдайды сараптау, ұсыныстар даярлау.

Сол кездегі ұсыныстың бірі – тұрмысы нашар және жас отбасылар үшін арендалық баспана салу болған. Арендалық төлемі арзан, 10 жылдан кейін әр отбасының атына аударылатын жүйе еді. Бұны бүкіл өңірлерге енгізуді ұсындық. Мұндай ұсыныстарды ел ішінде жүзеге асыратын міндетті құрылымдар жеткілікті еді. Бір әттеген-айы ұсыныстарға көп мән берілмейтін, мән берілгендері толыққанды орындала бермейтін.

Ел ішіндегі экономикалық саясатты дамыған елдермен салыстырып талдау жасаса, міндетті түрде мүдделер қақтығысы туындайды. Себебі, салыстырмалы сараптама өз мүдделерін ақтамаса, Үкіметтің тең жартысы оны ауыр қабылдайды. Сараптама олардың дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсететіндей қабылданады. Ертеде жаман хабар әкелетін жаушының басын алатындай, Үкімет басшысы кімнің басын алсам деп іздестіретін. 2005-жылы Үкімет басшысы – Ахметов Даниял Кенжетайұлы болды. Өте қағылез, тым өктем адам. Сондықтан, Президентке жазылатын әрбір сараптамалық хатымыздан соң ол министрлерін жинап алып, дүрсе қоя беріп, қатаң жазалайтын.

Бір күні айтарлықтай оқиға болды. 2005-жылы барлық ұлттық компанияларды – шикізаттық, коммуникациялық және жалпы Қазақстанның экономикасының іргетасы саналатын біріктірілген холдингтер құрылды. Холдингтер басшысының бірі ұлттық компанияны басқарып тұрған басшының жалақысы тым қомақты екенін анықтайды. Соны Президент әкімшілігіне хабарлайды. Әкімшілік басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы – ұлттық компания басшыларының жалақысы жөніндегі көрсеткіштерді сұратты. Мен ол кезде Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі едім. Біз барлық компанияларға сұрау салдық. Бәрін бір кестеге жинақтадық та, Ақордаға жібердік. Бір аптадан кейін Қауіпсіздік кеңесінің жиыны болатыны ескертілді. Менің үстімнен қарайтын басшылардың барлығы сол сәтте орнында болмай шықты – әдейі кетіп қалды ма, әлде жағдай солай болды ма, білмеймін. Олар ұлттық компания басшыларының жалақысы туралы есеп берулері керек еді. Бір күн бұрын Қауіпсіздік кеңесінің қызметкері хабарласып, баяндаманы оқитын адам жоқ, соны сіз оқисыз деп айтты. Мен қызмет лауазымым бойынша Қауіпсіздік кеңесінде баяндама жасауға тиісті емес едім. Бірақ, басқа амалым болмады. Ертең қандай шу боларын ойлап, жалақы кестесі мен халықаралық тәжірибе бойынша шетелде мемлекеттік компаниялардың жалақысы қалай жасақталатыны туралы бір парақты ала салдым.

Біздің сауал екінші кезекте тұрған. Мен есіктің сыртында күтіп тұрдым. Бір сағаттан кейін Қауіпсіздік кеңесінің мәжіліс залынан Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы СПИД-тің таралуына байланысты министрді орнынан алды. Сол сәтте жаңасын тағайындады.

Біздің сауал менің баяндама жасауымнан басталды. Мен жалпы ұзынсонар баяндама жасамайтын адам едім. Ал, бұл сауал баяндамасыз да түсінікті болған. Ұлттық компания басшыларының бір айлық жалақысы туралы кестені оқып бердім. Фамилияларын атамадым. Онсыз да жүйкелері тозып отырған қатысушылардың қитығына тигім келмеді.

Сараптамада не дедім? Жалақы тым жоғары. Ұлттық компаниялардың жалақысын реттейтін нормалар жоқ. Дамыған елдерде жалақыны заңмен реттеп, директорлар кеңесі тағайындайды.

Мәжіліс залында қырық адам отырған: Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен ұлттық компания басшылары. Баяндама соңында екі бет қағазымды бекіткен канцеляриялық түйреуіш жерге түсіп қалғанда зал іші шыбын ызыңы естілердей мүлгіген тыныштыққа оранды. Өз орныма қалай жеткенімді білмеймін. Мен жүріп келе жатқанымды ұрыс-керіс басталып кеткен еді. Президент әрбірін орнынан кезек-кезек тұрғызды. Кейбірін бірден орнынан алып тастады. Мәжіліс залынан бәріміз моншадан шыққандай малмандай су болып шықтық. Мәжіліс залынан шыға салысымен журналистерге арналған брифингке де мен қатысуым қажет екені айтылды. Журналистер холлда камералары мен микрофондарымен дөңгелене тұра қапты. Кешке үйге жеткенімде мұндай жиынға қатысқаннан бір қора тасты аударыстырған оңай ма деп ойладым.

Қауіпсіздік кеңесінің жиыны сияқты жиналыстар өте көп болды. Президент жұмыс істеуге, тапсырылған министрлікті дамытуға шақыратын. Одан кейін сондай ұрысқа беріс керісті Премьер-министрлер жасайтын.

Ендеше не себепті елде тиімді мемлекеттік басқару қалыптаспады? Себебі, бәрі бір адамның ырқына тәуелді еді. Тек соның ықтиярымен, не соның сенімді адамдарының қолдауымен ресурстарға қол жеткізуге болатынын жұрттың бәрі білді.

Бірде Үкімет мүшелері мен ірі бизнес өкілдерін қабылдап отырған үлкен бір жиында Президенттің: «Әрбіріңді түрмеге отырғыза аламын», – деген сөзі бар. Яғни, мемлекет адамдарды заңды өзі бұзуға итермелейді, сосын сол адамдарды қармаққа іліп ап, өзіне қалай ыңғайлы болса, солай манипуляция жасайды.

Президент әкімшілігіндегі жұмысыма Президент көмекшісі – Мәсімов Кәрім Кәкімжанұлы жетекшілік ететін. Ол маған толықтай сенетін. Оған менің сараптама жасай алуым, мәселе туралы қысқа жазып, нақты түсіндіретінім ұнайтын. Алайда, Президентке арнап жазатын қызметтік, сараптамалық хаттарымды мұқият оқитын. Мұндай хаттар тапсырылған және өзім біліп жазылған болып екіге бөлінетін. Кәрім Кәкімжанұлы құжатқа келгенде өте мұқият еді, сөйлескенде де ылғи сабырлы, салмақты қалпынан айнымайтын.

Ешқашан оның ескерту жасағанын естімеппін. Бір күні қызыммен саябақта қыдырып жүрген едім. Қоңырау шалды. Дауысы қаттырақ шықты: «Анара, мұның не? Не жазғансың? Мынаны алып тастау керек», – деді. Президентке арнап өзімнің бастамаммен жазылған хат еді. Хатта Президент пен Премьер-министр аппараттарының қызметі қайталанатынын жазғанмын. Барлық тапсырма Үкіметке Президенттен баратынын, екі аппаратты біріктіріп, Вице-президент лауазымын енгізуді ұсынғанмын. Мұндай хатты жазуға болмайтынын дүйсенбі күні айтса да болар еді. Жалпы хатты беру-бермеу өз қолындағы шаруа ғой. Бірақ, хаттың мазмұны тым қауіпті көрінген соң маған дереу хабарласқан сияқтанды.

2006-жылы оны Вице-премьер етіп тағайындады. Кешқұрым үйге қайтып бара жатқанмын. Ол қоңырау шалып, қайтып келуімді өтінді. Мен қайтып келдім. Кабинетіне кірдім. «Маған кеңесші болып кел», – деді ол мен табалдырықты аттай сала. Мен келістім. Президент әкімшілігінде жұмыс істей бергім келмеген еді. Келесі күні жұмыстарымды өткізіп кетуге әзірлендім. Түстен кейін ол қайтадан мені өзіне шақырды. «Президент жиналыс өткізді. Сені кеңесші етіп алайын деп сұрап едім, бірақ ол Әкімшілікте қаласың деп тұр», – деді.

2007-жылы ол Премьер-министр болды. Ақпанның соңғы күндері мені шақыртып алды да, жартылай салтанатты түрде: «Сені Статистика агенттігінің төрайымы етіп тағайындаймын. Қарсы емессің бе?» – деп дауысы жарқын шықты.

Кабинетіме оралдым. Телефон шырылдады. Президент:

– Анара, Статистика агенттігіне барғың келе ме?

– Премьер: «Бару керек», – деді.

– Премьер не дегенін өзім де білем. Статистикаға реформа жасау керек. Бірақ, барғың келмесе, Әкімшілікте қала бер.

Содан соң тура осы сұрақты қойып, өзіне Президент әкімшілігінің басшысы шақыртты. Оған Президент тапсырса керек. Себебі, Президент әкімшілігінің басшысы кеткеніме қуанбаса, ренжімейтінін өзім анық білетінмін. Алдыңғы Премьер кезінде қызметтік хаттарымның кесірінен Президент Үкіметті сілкіп алатын. Сондай сәттерде басшылық: «Кім кінәлі?» – деп мәселе көтермейтін.

Осылайша мен ең соңғы мемлекеттік қызметіме келген едім.

Мәскеуде оқып жүргенімде Ресей ғылым академиясына қарасты Экономика институтының Макроэкономикалық стратегиялар орталығында жұмыс істедім. Орталық басшысы еркін ойлауды қолдап отыратын. Егер жаңа идеясы туа қалса, ол дәлізде өтіп бара жатқан адамды тоқтатып алып, кабинетіне кіргізіп талқылайтын. Оның есігі әрдайым ашық тұратын. Ол кез келген қызықты тақырыпты талқылауға дайын болушы еді. Мен – студент, ол – ғылым докторы, артынша академик бола тұра талқылауға, пікір алмасуға да қарсы емес еді.

 

Шынымды айтсам, есігі ашық тұрған Владимир Иванович Маевскийдің кабинетіне бас сұқпай өтіп кеткенім, ал оның «Ресейді қалай дамытамыз?» деген классикалық тақырыптағы жаңа идеясының болмай қалған кезі жоқ. Тек 1990-жылдары бұл сұрақ: «Анара, инвестицияны қайтеміз? Түсіп барады. Инвестициялық банктерді дамыту керек», – деген сыңайда болатын. Келесі жолы: «Анара, отын-энергетикалық стратегияны жасайық. Газға көшеміз бе? Әлде бұл жай ғана газды үзіліс пе?» – дейтін. Осылай әркез Университет бітіріп, сосын аспирантураны тәмамдап, Астанаға кеткенше жалғасты. Ол сапалы, әрі креативті ойлай алатын. Бізге де соны үйретті.

Мәскеу мемлекеттік университетінің Экономика факультеті – еркін шығармашылық патшалығы еді. Екінші курс студенттеріне Ресейді дамытудың стратегиясын жасауды тапсырды – бұл тапсырма тек миды дамытып қоймай, ол сені өмір бойы еркін ойлы болуға бейімдейді.

Бірінші курста біз әлі СССР-да оқыдық. КПСС тарихын оқыдық. КПСС өзінің көшбасшылық қалыбынан ажырап, советтік құрылым құлап, артынша күллі СССР күйрегенде мен екінші курста оқып жатқанмын.

Экономика факультетінің кітапханасындағы Пол Самуэльсонның «Экономикс» кітабының жалғыз данасына ұзын-сонар кезек болатын. Өндірістің нарықтық экономикасын газеттерден оқыдық. Біздің факультетте оқыған, ыдыраған республикадан келген жігіттердің бәрі дерлік келешекте өз елінің Президенті болатындығына сенімді еді. Еркіндік пен үміттің туған сәті. Әзірге олар өз елінің Президенті болған жоқ. Бірақ, біразы компания президенті болыпты.

Мен мұны сол кезде анық түсінгенмін: ауқымды міндет қойып, қызметкер мен шәкірттерге сенім арту қажет. Сол кезде олар тау қопарып, мүмкін еместі мүмкін етеді.

Дәл осындай принциптермен жұмысымды үйлестіретінмін. Басшылыққа келгенде де – ауқымды, тиянақты міндеттер қойып, мүлтіксіз сенім білдіретінмін.

Екі жыл сайын мені жаңа жұмысқа ауыстырып отырды. Әркез бір саты жоғары, әрі неғұрлым жауапты жұмысқа ауыстыратын. Әркез жаңа басшылыққа тап болатынмын. Басшылардың бәрі мен туралы ойларын жұмысыма қарап түйіндейтін. Стратегиялық жоспарлау агенттігі, Экономика мен бюджеттік жоспарлау министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты, Президент әкімшілігі, Статистика агенттігі. Әр тағайындау – «бару қажет» деген сөзден басталатын. Модернизация жасау қажет, реформа жасау қажет, жаңарту қажет…

Он жылым мемлекеттік қызметте өтті. Маған бәрі сенім артатын. Ел басшылары бәрін дұрыс істейтініме сенетін. Қиындықтың бәрін еңсеретініме сенімді еді. Он жыл ішінде Президент те, Премьер-министр де бірде бір рет маған дауыс көтеріп, жекіген жоқ, ескерту де айтқан емес. Он жылдан кейін Қаржы полициясы мен ҰҚК артыма түседі деп кім ойлаған? Мен қорған іздемедім. Уайымдамадым да. Бәрін дұрыс істегеніме сенімді едім. Бұл жай ғана жоспарлы тексеріс деп қабылдадым.

ҰҚК мен Қаржы полициясы

2009-жылдың сәуірінде шекарада тоқтатқаннан жарты жыл бұрын біздің мекемеге Қаржы полициясы келген. Маған Бюджет департаментінің директоры Бинұр кіріп, Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері келіп, Халық санағы бойынша құжаттарды көрсетуді талап етіп жатыр деді. Ойымда ештеңе жоқ, еш күдік тумады. «Сұрағанын көрсет. Бұл қалыпты жағдай. Үлкен іс-шара өтті. Тексергендері дұрыс», – дедім.

Тағы екі аптадан соң Бинұр кіріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп, сол құжаттарды сұрап жатыр деді. Ал, құжаттар жоқ. Бәрін Қаржы полициясы алып кеткен деді. Бұл жолы да көңіліме күдік ұяламады: «Қалған құжаттарды беріңдер. Іздегендерін Қаржы полициясынан алсын», – дедім.

Қаржы полициясы агенттігі елімізде 1994-жылдан бері бар. Бірақ, бұл органның белсенді түрде қызмет етуі 2005-жылдан басталды. Ал, 2009-жылдың көктемінде елде түрлі деңгейдегі органдар мен компаниялардың басшыларын ұстау белең алды.

Әрине, жемқорлық дүниежүзінің әр түкпірінде түрлі санатта көрініс береді. Бірақ, билік бұтақтары дұрыс бөлінбесе, шешім қабылдау құрылымы айқын болмаса, жемқорлық жүйелі проблемаға айналмақ. Бұл Қазақстан Республикасына да қатысты.

Қазір тұрмыстық, кәсіби, саяси жемқорлық жүйесіне бүкіл ел белшесінен батқан. Бұл адамның нашарлығынан емес, ойынның ережесі сондай болғандықтан.

Параны кім алады? Кімнің рұқсат беретін, бөлетін, құқық қорғайтын, жазалайтын қызметі бар болса, бұлардың бәрі пара алуға бейімделеді. Қазақстанның әр отбасында түрлі саланың адамдары тоғысады: мемлекеттік қызметкер, полицей, дәрігер, мұғалім және т.б. лар.

Бәрі айқын, таза жүретін елдерде тұрғындар өз өміріне, Үкіметіне риза. Оларда пара да, жемқорлық та жоқ. Қазақстанда табыс біркелкі бөлінбеген, сапалы, әрі қолжетімді білім және денсаулық әр адамға бұйырмаған. Даңғой байлық пен сіңірі шыққан кедейлік әр жерден менмұндалайды. Тіпті мектептегі мұғалімнің қызметін саудаға сап жіберген.

Құқық қорғау органдары мен соттың да жағдайы мәз емес, өздері тексеріп, қудалайтын құрылымдардағыдай оларда да жемқорлық белең алған.

Жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекетте жемқорлықпен күресу мүмкін емес. Әсіресе, жемқорлықпен күресетін мемлекеттік органдар қоғам мен парламентке емес, шенеуніктерге тәуелді болса. Парламент саяси бәсекелесі жоқ жағдайда сайланса. Ал, тәуелсіз БАҚ ешқандай рөл ойнамаса. Ең бастысы тәуелсіз сот болмаса, онда мүлде сот жоқ деген сөз.

Мұның барлығы ақырында кінәсіз адамдарды жаппай репрессияға ұшыратуға ұласады – есеп беру үшін, кінәні «құрбандыққа» іле салады. Соның арқасында шын қылмыскерді жауапкершіліктен құтқарады. Сол сәтте мемлекеттік машина қылмыс жасамаған кінәсіз азаматтарды тұтқындап, еркі мен мүлкінен айырады. Кейде отбасынан айырады, тіпті өмірін де қиып жібереді.

ТМД аумағында тәуелсіз сот ешбір жерде жоқ. Тек Балтық елдерінде бар. Салыстырмалы түрде Грузия, Молдова, Украинада тәуелсіз соттар ашылып жатыр. Басқа ТМД елдерінде құқық қорғау органдары СССР кезіндегі ГУЛАГ-тан көп өзгере қоймаған. Мұндай жүйеде сот тек тергеу мен прокуратура дайындаған құжаттарға үкім жазып береді.

Бұл көпшілікке таныс советтік жүйе. Ол туралы оқулықтарда жазылмайды. Дауыстап айтуға тыйым салынған. Ересектер үшін бұл айтпаса да түсінікті шындық. Ал, балаларды дәстүрлі түрде артық жаманаттан үндемей сақтауға тырысқан. Айтпаса да түсінікті шындықты білмей өскендерге оны түсіну қымбатқа түседі. Сол қарапайым ақиқатты түсіну үшін мен өте қымбат ақы төледім.

Мұндай жүйеде өмір сүріп, бірақ жемқорлықпен айналыспау мүмкін емес, оған талай мысал келтіруге болады. Барлық жағдайда басшының жеке позициясы рөл ойнайды. Біздің Агенттікті мен басқарғанда жемқорлық мүлде болмады, ешбір қызметкер мұндай схемаларға араласпады. Жемқорлықпен күресті тек қуана құптар едім.

Мен сол кездері, 2009-жылы шенеунік бола тұра, кәсіби маман бола тұра, адамдарды тиімді жұмыс істеуге бағыттай отырып, тергеу органдары да, сот та мемлекет мүддесін қорғап, кәсіби тұрғыда мүлтіксіз жұмыс істейді деп сеніп едім. Сондықтан, өзім жақын танитын адамдарды тұтқындап жатқанда, олардың кінәсіздігіне сеніп, әр істе қателік боп тұрады деп ойлағанмын. Жауапты органдар аражігін айырып, оларды босатады деп сенгенмін. Бірақ, уақыт өтіп жатты. Тұтқындалғандардың бәрі де сотталып кетіп жатты.

Статистика агенттігі

Сол кездері жасым – 38-де еді. Статистика агенттігін басқарғаныма – 2,5 жыл болған-ды. Екі жарым жылда агенттікті Алматыдан Астанаға (ел астанасы ауысқан соң тек екі мемлекеттік орган Алматыда қап кеткен – Статистика агенттігі мен Ұлттық банк) көшірдім. Агенттікте модернизация жасадым. Барлық қызметкерді қайта оқытып шықтық. Сол кездегі командамызбен бір туғандай боп кеткен агенттігімізбен көп нәрсеге қол жеткізген едік.

Бәрін оңтайландыру – менің мінезімнің бір парасы. Бұл жұмысқа да қатысты. Агенттікте ең алдымен статистикалық есептердің формасын қарап шықтық. Есеп беру формаларын қысқарттық. Қалған формаларда пункттер санын минимизация жасадық, нақтыландырдық. Параллельді тұрғыда формаларды электронды форматқа көшірдік. Біздің агенттікте оңтайландыруға мүмкін нәрсенің бәрі оңтайландырылды. Менен бастап.

Менде көмекші болған жоқ. Маған көмекші қажет емес деп шештім. Үкіметтің жиналысына папкамды өзім көтеріп апаратынмын. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы канцеляриядан құжаттар қабылдайтын. Қажет адамға қоңырау шалатын. Хабарласқандарға жауап беретін. Келген адамдарды департаменттерге бағыттайтын.

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14 

Другие книги автора

Все книги автора
Рейтинг@Mail.ru